03/02/2026
Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттіліктің, құқықтық жүйенің және қоғамдық дамудың берік іргетасы. Жаңартылған Конституция жобасы қазақстандық қоғамның кемелденгенін, әділеттілікке, заң үстемдігіне және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке ұмтылысын айқын көрсетеді.
Конституцияның преамбуласында ұлттық құндылықтар мен қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің терең тарихи тамырлары нақты айқындалған. Қазақстанның Ұлы даладағы ұлы мемлекеттермен тарихи сабақтастығы атап көрсетіледі. Мемлекеттің унитарлық сипаты, шекарасының мызғымастығы мен аумақтық тұтастығы бекітіліп, бұл егемендік, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің берік негізі ретінде белгіленген. «Әділетті Қазақстан» құндылықтары мен «Заң және тәртіп» қағидаты, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы айрықша мәнге ие.
Жаңартылған Конституцияда адамға бағдарланған мемлекет қағидаты күшейтіліп, халық тек мемлекеттік биліктің көзі ғана емес, егемендіктің бірден-бір иесі ретінде танылған. Бұл мемлекет пен оның органдары халық атынан берілген өкілеттіктерді Конституция аясында ғана жүзеге асыратынын білдіреді.
«Конституциялық құрылымның негіздері» бөлімі айтарлықтай жаңартылып, Қазақстан Республикасының басқару нысаны — президенттік республика екені нақтыланды. Бұл «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» моделіне сәйкес келеді. Егемендік, тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық және басқару нысанының өзгермейтіндігі конституциялық деңгейде бекітілді. Сонымен қатар адам құқықтарын қорғау, заң үстемдігі, адам капиталын, ғылымды, білімді, инновацияны және экологиялық мәдениетті дамыту мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары ретінде айқындалды.
«Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» бөлімі жүйелі түрде қайта қаралып, кеңейтілді. Конституция өмір сүру құқығын, жеке бас бостандығы мен қол сұғылмаушылығын, кінәсіздік презумпциясын, ар-намыс пен қадір-қасиетті, жеке өмірге қол сұқпауды, соның ішінде цифрлық және банктік деректердің қорғалуын күшейтті. Ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігі бекітіліп, бұл білімге негізделген экономика мен инновациялық дамуға құқықтық негіз қалыптастырады.
Әлеуметтік және рухани құндылықтарға ерекше көңіл бөлінген. Еңбек ету құқығы, білім берудің зайырлы сипаты, отбасы институтын қорғау және қоршаған ортаны сақтау мәселелері айқындалды. Азаматтардың табиғатты қорғау және табиғи байлықтарға ұқыпты қарау міндеті бекітіліп, қоғамның экологиялық жауапкершілігі күшейтілді. Мемлекеттік билік жүйесінде де маңызды өзгерістер енгізілді.
Жаңартылған Қазақстан Республикасының Конституциясы – әділеттілікке, заңдылыққа, адам құқықтарын қорғауға және орнықты дамуға бағытталған жаңа қоғамдық келісімнің көрінісі. Ол мемлекеттің тұрақты дамуы мен азаматтардың билік институттарына деген сенімін нығайтуға берік құқықтық негіз қалайды.
Кегенова Гүлнар Болатқызы, PhD - Зоология, гистология және цитология кафедрасының меңгерушісі, Биология және биотехнология факультеті, әл – Фараби атындағы ҚазҰУ